
«Сапалы білім – білікті маман – жұмыспен қамту» моделімен бағдарланған Оңтүстік Қазақстан индустриялды-инновациялық колледжі – еліміздегі бәсекеге қабілетті зауыт кадрларын даярлайтын оқу ордасының бірі. Қазақстан экономикасын өркендететін білім кадрларын дайындау арқылы мемлекетіміздің ең маңызды әлеуметтік-экономикалық мақсаттарының шешімін табуда колледждің үлесі орасан. 2010 жылы бой көтерген мекемеге басшылық етіп отырған – Нұрекенова Нұргүл Жақсылыққызы ұжымымен бірлесе, колледж табалдырығын аттаған әрбір білім алушының сапалы кәсіп иесі болуы үшін аянбай тер төгіп келеді. Олар өңірлік еңбек нарығында өз қызметін дербес атқара алатын білімді мамандар даярлап, аймақтың экономикалық-әлеуметтік қажеттіліктеріне сәйкес студенттердің рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастырып, жұмыспен қамтылуына ықпал етуде.
Оңтүстік Қазақстан индустриялды-инновациялық колледжі – кәсіптік білім беру ісін жоғары деңгейде ұйымдастырып, өндірістік дағдыларды сапалы меңгерген, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, экономиканың даму жолына ілескен, әлеуметтік серіктестер мен жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес мамандар даярлауды негізгі мақсат етіп қойған мекеме. 2010 жылы еліміздегі оқу орындарының қатарына қосылған колледж қабырғасы «Оңтүстік Қазақстан машина жасау зауыты» АҚ Президенті Ә.Т.Балабаевтың демеушілігімен салынған. Алғашында сұранысқа ие техникалық бағыттағы 9 мамандық бойынша жұмысын бастаған білім ордасы 2016 жылы заман талабына сай тағы екі мамандықпен толықтырылды.
1) 1510000 – «Ауылшаруашылығын механикаландыру»
2) 1114000 – «Дәнекерлеу ісі»
3) 1401000 – «Ғимараттар мен үймәреттерді салу және пайдалану»
4) 1304000 – «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыздандыру»
5) 1112000 – «Өнеркәсіп машиналары мен жабдықтарын пайдалану»
6) 1201000 – «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану»
7) 1014000 – «Машина жасау технологиясы»
8) 0902000 – «Электрмен қамтамасыздандыру»
9) 0814000 – «Полимер өндірісінің технологиясы»
10) 0501000 – «Әлеуметтік жұмыс»
11) 1219000 – «Нан пісіру, макарон және кондитерлік өндірісі»
Студенттер мамандықты кедергісіз игеру үшін колледж оқу кабинеттері және құралдармен толықтай жабдықталған. Материалдық-техникалық базасы типтік үлгіде қалыптасқан білім ошағының екі және төрт қабатты 2 оқу ғимараты қолданысқа беріліп, 60 оқу кабинеті, 12 шеберхана, 2 зертхана, 550 орындық мәдениет сарайы, 120 орындық мәжіліс залы, спорт залы, оқулық қорына бай кітапхана, асхана әрі медициналық көмек көрсету пунктері білім алушылардың игілігіне арналып отыр.
Кәсіби біліктілік деңгейі шыңдалған ұстаздардың барлығы колледждің білім сапасын дамыту жолында етене еңбектенуде. Бүгінде, білім ордасында жоғары және бірінші санатты құрайтын 69 педагог қызмет атқарады. Олар оқу процесінде инновациялық және интерактивті технологияларды кеңінен пайдалана отырып, дәрістердің сапалы, мазмұнды әрі қызықты өтуіне үнемі көңіл бөледі. Саналы ғұмырын сапалы маман даярлау ісіне арнаған колледж директоры – Нұргүл Жақсылыққызы әр жыл сайын ұжыммен бірге біліктілік деңгейлерін шыңдап, шығармашылықтарын жетілдіріп отырады. Тәжірибелі басшы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын негізге ала отырып, ауқымды істерді қолға алған. Нақтырақ айтсақ, еліміздің білім саласына ұстаз ретінде өз үлесін қосуды мақсат еткен іздемпаз педагог «Инновациялық идеялар мен жобалар» байқауын колледжде дәстүрлі түрде өткізіп келеді. Аталмыш байқауда Сайрам ауданына қарасты 32 мектептің ұстаздары қатысып, өздерінің шығармашылық деңгейлерін сынаған. Сондай-ақ, Түркістан облысы бойынша жалпы орта білім беру ұйымдары мен техникалық және кәсіптік білім мекемелерінің оқушылары арасында ұйымдастырылған «Инновациялық жобалар» көрмесінде колледж ұжымы I және III орынға ие болса, Шымкент қаласында кәсіптік білім мекемелері оқытушылары арасында өткен «Инновациялық жобалар-2014» сайысында колледж педагогтары III дәрежелі дипломмен марапатталған. Сонымен қатар, «Жыл шебері-2015» облыстық байқауында арнайы пән оқытушылары II және III дәрежелі дипломды еншілесе, «Оңтүстік инновация» байқауында колледж студенттері бас жүлдені иеленді. «Жастар корпусын дамыту» жобасында өтінімі «А» тобына енгізілген тарих пәнінің оқытушысы Б.А.Исмайлова және студент Н.Әшірбай грант мәртебесін жеңіп алып, оқытушы мен студенті осы мақсатта бес ай көлемінде жұмыс жасап, арнайы бағдарламасын сәтті аяқтаған болатын. Ал, арнайы пән оқытушысы А.Мадалиеваның жетекшілігімен «Жастар корпусын дамыту» жобасының «В» тобына қатысқан студенті Ф.Усманова 1 млн теңге көлемдегі қаражатқа ие болып, «Таза алқап» тақырыбы аясында қоғамдық жұмыстарды жүзеге асырды.
Шығармашыл ұстаздардың жетістіктері шәкірттерінің патриоттық сезімдерін оятып, үкілі үлгі болғаны анық. Оған дәлел, Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Н.Ә.Назарбаевтың этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің Қазақстандық үлгісіне арналған үздік ғылыми жоба» байқауына АТҚ-9-13 тобының студенті Б.Қуандық өз жұмысын қорғап қайтты. Ал, Нұр-Сұлтан қаласының 20 жылдығына орай ұймдастырылған «Ontustik ART FEST» жас дизайнер, суретші, мүсінші, зергер және қолөнер шеберлерінің байқауында студент Ә.Есбосын облыстық Жастар ресурстық орталығының басшысы Б.Дүйсебековтің алғыс хатына ие болып, 50 мың теңгелік сертификат пен ІІІ орынды қанжығасына байлады. Бұдан бөлек, Түркістан облысының техникалық-кәсіптік білім беру ұйымдары арасында өткен «Үздік өндірістік оқыту шебері-2018» байқауында арнайы пәндер оқытушысы Қ.Айқынбаева ІІІ орынмен марапатталса, «WorldSkills Kazakhstan-2018» өңіраралық чемпионатында Н.Салманова диплом және сертификат иемденді. Құрылыс саласы бойынша «WorldSkills Kazakhstan-2018» өңіраралық чемпионаты аясында өткізілген «Үздік кәсіп иесі» көрмесінде арнайы пәндер оқытушысы Г.Каракулова және студент Ф.Усманова озық инновациялық жобасымен ерекшеленіп, кәсіби біліктіліктерін жоғары дәрежеде көрсете білді. Айта кету керек, Түркістан облысы Білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Үздік кондитер-2018», «Үздік наубайшы-2018» сайыстарында Ә.Абдраманова, А.Тұрсын сияқты талантты студенттер II орынды еншілеген.
Нұргүл Жақсылыққызы білікті кәсіп иелерін дайындауда өндірістік тәжірибе оқу процесінің негізгі құрамдас бөлігі деп есептейді. «Теориялық білімді тәжірибемен ұштастыра білудің нәтижесінде, жан-жақты дамыған, нағыз кәсіби маманның өсіп-жетілетініне мен кәміл сенімдімін. Сондықтан, бітірушілерімізді жұмыспен қамту, оқушылардың өндіріс орындарында іс-тәжірибе алмасуын, еңбек нарығына қажетті мамандар сұранысын анықтауды үйлестіру үшін түрлі өндіріс орындарымен әлеуметтік серіктестік меморандумын орнатуды қолға алдым»,-деп атап өтті. Соның негізінде, колледжде 2014-2015 оқу жылында дуалдық оқыту эксперименттік бағдарламасы енгізіліп, «Оңтүстік Қазақстан машина жасау зауыты» АҚ, «Нұр полимер бизнес», «M-GROUP KZ», «Автошкола Арман» және «АРТ Сапалы Құрылыс» ЖШС, «МАНКЕНТ-1» ӨК, «Акбар», «Патчаев» ЖК мекемелерімен келісімшарт жасалған. Олар өз кезегінде студенттердің оқу-тәжірибелік, зертханалық жұмыстарын мекеме базасында өткізуге ықпал етіп, түлектерді толық жұмыспен қамтуға кепілдік берген.
Әлеуметтік серіктестік қызметі саласында техникалық және кәсіптік білім беру негізінде оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлерінің тәжірибе алмасуы және ынтымақтастығы туралы, сондай-ақ студенттер арасында тәжірибеден өтудің өзара алмасуы бойынша екі ел арасындағы байланыстарды орнату және нығайту шеңберінде, Оңтүстік Қазақстан индустриялды-инновациялық колледжі" Түркия елінде Стамбул қаласында орналасқан «Ozel Pila Nesteki ve Teknik anadolu Lissesi» мен «Gizgi Kolledji»мен халықаралық техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту саласындағы ынтымақтастықтың өзара тиімді мүдделерін ескере отырып меморандумға отырды.