Оңтүстік Қазақстан индустриялды-инновациялық колледжінде өз жұмысын бастаған «Парасаттылық мектебінің» жоспарына орай 20 желтоқсан күні колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қ.Құрманқұловтың басшылығында мүмкіндігі шектеулі балаларға жаңа жылдық мерекелік кеш ұйымдастырылды.
Барлық балалардың асыға күтетін мерекесі – Жаңа жыл кешінде балғындар аяз ата мен ақша қарды көріп, сыйлық алып қуанышқа бөленді. Осы ретте, Колледж студенттерінен құрылған «Ізгілік елшілері» бүгінгі шарада балғындардың қиялына қанат бітіріп, ертегілер әлемінің қаһармандарын сомдап, түрлі ғажайыптарға толы қойылымдар көрсетті. Осылайша, игі іске бастамашы болған азаматтар қамкөңіл жандардың арман-тілектерін орындауға азда болса үлес қосты. Әрине, жылдың ең басты мерекесін бүлдіршіндер асыға тосатыны белгілі. Қуанышқа кенелген балалар салтанатты кеште ризашылықтарын танытып, өздерінің ақжарма тілектерін арнады.
Іс-шарасның басты арқауы – мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеу, олардың бойына өмірге деген құштарлық нәрін себу.