Колледжіміздің 1 мамыр - Қазақстан халықтарының Бірлігі мерекесіне бағытталған тәрбие жұмыстарының келесі тақырыбы "Этномәдени бірлестіктер өкілдерінің құттықтауларын жариялау". Осыған орай біз, үш жасында сталиндік саясаттың әмірімен тарихи Отанынан Қазақстанға күштеп жер аударылған, бүгінде Қазақcтанда қазақ тілінің өркендеуін мақсат тұтқан «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің төрайымы - Асылы Осман Әлиқызының Қазақстан халқын айтулы күнмен құттықтауын жариялап отырмыз.
«Оның барлық іс-қимылына сырттай риза болып отырамын, ал осы қарындасымның тек мемлекеттік тілмен емес, ел тарихына қатысты, оның ішінде Желтоқсан оқиғасына қабырғасының қайысатынын сезгенде, еріксіз көзіме жас алдым», – деп, қазақтың әйгілі партизан жазушы Қасым Қайсенов Асылы Осман туралы осылай пікір қалдырған-ды.
2004 жылы Американың өмірбаяндық халықаралық зерттеу институты Асылы Әлиқызына «Әлемдегі 2004 жылдың ең таңдаулы әйелі» деген атақ берді.
Leave A Comment