Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тіліммен.
Жылағанда жүрегім күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген
– деп айбынды ақын Жұбан Молдағалиев жырлағандай Тәуелсіз ел болу жолында халқымыздың тарихында мерейі тасыған мәртебелі дәуірлерімен қатар, «тар жол тайғақ кешкен» тақсыретті кезеңдердің де аз болмағаны ащы ақиқат.
ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде БК(б)П Қазақстан өлкелік коммитетінің 1 хатшысы болып Филипп Голощекиннің келуі, оның елімізге "Кіші қазан" төңкерісін жүргізу арқылы талай ұлтымыздың қаймақтары, "Алашым!" деп ұран салған ұлт зиялыларын "ұлтшыл" деген айыппен қуғын-сүргінге жіберуі ешкімнің есінен шығармастай үлкен жара қалдырды.
Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады. 25 мыңнан астам адам ату жазасына кесілді. Олардың арасында ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері, дәрігерлер болды.
Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков, Санжар Асфендияров, Ахмет Байтұрсынов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Абдулла Розыбақиев, Тұрар Рысқұлов, Мұхамеджан Тынышбаев, Ілияс Жансүгіров және тағы басқа зиялыларымызға "Халық жауы" деген айып тағылып қана қоймай, олардың жақындарына да зардап шектірді. Қазақстанда АЛЖИР (отанына опасыздық жасағандардың әйелдері қамалған Ақмола лагері), Карлаг (Халықтық ішкі істер комиссариатының Қарағанды еңбекпен түзеу лагері), Степлаг (саяси тұтқындарға арналған лагерь) арнайы лагерьлері құрылды.
Зұлматты ХХ ғасырдың тағы бір сұм оқиғасы - 1920-1930 жж. аралығындағы ашаршылық. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұжымдастыру ұранымен науқанға кіріскен белсенділер республикадағы 40 миллионнан астам мал басының қырылуына әкеп соқтырды. Халық жаппай ашаршылыққа ұшырады. Ашаршылық жылдарында елімізде 1,5 миллионға жуық адам қайтыс болды. Қазақ халқы ашаршылыққа дейінгі санына, араға жарты ғасырға жуық уақыт салып әзер жеткені - бұл зұлматтың қаншалықты қасыретті болғанын көрсетуде.
Біздің халық қуғын-сүргін кесірінен жазықсыз жапа шеккен қайраткерлердің есімдерін еске алу, олардың рухтарына құрмет көрсетуді әр уақытта да есінен шығарған емес.
Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау, заңсыз қудаланған азаматтардың құқығын қалпына келтіру жұмыстары елімізде тоқтаған жоқ. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 14 сәуірінде "Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы" заң қабылданды.
1997 жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жарлығымен 31 мамыр – Саяси қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып жарияланды.
Бұл – тарихтан тағылым алып, биік мақсат – «Мәңгілік Елге» бет алған ұлы халықтың ұлағатты ісі.
Leave A Comment