Осыдан 175 жыл бұрын, дәл осы 10 тамызда қазақ елі біртуар тұлғамен толысқан еді.
Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.
Өлді деуге сыя ма, айтыңдаршы.
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған – дегендей бүгін біз артында өлмейтұғын сөз қалдырған ұлы дара ақын атамыз – Абай Құнанбайұлының туған күнін Республикалық маңызы бар мерекелер деңгейінде тойламақшымыз.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты концептуалды мақаласында: "Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады", - деп дара перзенттің даналық орнын айқындап көрсеткен еді. Расында ұлы ақын өз шығармаларында насихаттаған еңбексүйгіштік, білімге деген құштарлық, ізгілік пен парасатқа зейін қойып, тәрбие алу – бүгінгі ұрпақтарының алдында тұрған міндеттің бірі. Сайып келгенде, бұл тек биыл ұлы ақынның 175 жылдығында атқарылатын шаруа емес. Осы жылдан бастау алып, Мəдениет жəне спорт министрлігінің негізгі идеологиялық бағытына айналады. Хакім Абай айтқан ізгі құндылықтар өміршеңдігін жоймақ емес. Үкімет қаулысымен 10 тамыз – Абай күні болып жарияланып, мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне енгізілді. Бұл – үлкен қуаныш! Барша қазақ жұртын шын жүректен құттықтаймыз!