Құрметті білім саласындағы әріптестер, білім нәрімен сусындауға асығатын оқушылар, студенттер және ата-аналар! Сіздерді бүгінгі жарқын да қуанышты, айтулы мереке – Білім күнімен құттықтаймыз! 1 қыркүйек барша халықтың дәстүрлі мерекесі! Әрбір адамның өміріне ерекше әсер қалдыратын бұл күн еліміздің барлық тұрғындарының басын біріктіреді: мектеп табалдырығын аттауға асыққан бірінші сынып оқушылары, жазғы қызықты да қуанышты демалыстан келген оқушылар, оқу жылын жаңаша күш-жігермен бастағалы тұрған ұстаздар және ата-аналар. Бұл күн тек атаулы мереке ғана емес, бұл біздің еліміздің болашағына әсер ететін жауапты кезең бастамасы. Дәл осы күннен бастап, алғашқы қоңырау үнімен бірге, әр адам өмірінің жеке тұлға және азамат ретінде қалыптасу кезеңі басталады. Әрине, ағымдағы жыл әлем жұртына оңай тимегені рас. Ғаламдық пандемияның әлі де адам өміріне қауіп қатерін ескерсек, Білім министрлігінің 2020-2021 оқу жылын қашықтықтан жүргізу туралы шешімінің өте орынды екеніне көз жеткізу қиын емес. Жаңа оқу жылының қашықтықтан жүргізілуі биылғы жылдың ерекшелігі болып табылуымен қатар, хакім Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, әлемнің екінші ұстағы атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы және кеше ғана Конституциямыздың 25 жылдығының қатар келуі де өте қуантарлық жағдай. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі», «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрсемен озады», деген ғұлама ойшылымыз Әбу Насыр әл-Фарабидің, дана ақынымыз Абай Құнанбайұлының еңбектерін енді ғана білімге қадам басқан оқушыларға насихаттаудың маңызы зор. Сол себепті де әлемде орнаған қандай қиыншылық болмасын, Білім беру саласы өз жұмысына салғырттық танытпай, еліміздің жарқын болашағының негізін қалаушы білімді жастарды даярлауда қажырлы еңбек етуі шарт. Қымбатты ұстаздар, оқушылар мен ата-аналар! Сіздерді тағы да Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын. Сіздерге бүгінгі ерекше, жайма шуақ күні жақсы көңіл күй, жаңа жетістіктер мен ашылуларға ұдайы ізденіс, шығармашылық, жаңа жасалым, мықты денсаулық және жаңа бастамаларда тек қана сәттілік тілейміз! Бүгінгі күн Сіздер үшін үлкен үміттер күні болсын!