Бүгін, 28 қыркүйек, қазақ әдебиетінің классигі, қоғам қайраткері, Қазақстан ғылым академиясының ірге тасын қалаушылардың бірі академик, филология ғылымының докторы, профессор, аудармашы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың туғанына 123 жыл.
Әдебиеттің асқары іспеттес тұлғаның өмірі де, өзі де дара, дана. М. Әуезов – жомарт табиғаттың жарық дүниеге тым сараң сыйлайтын бір туары. XIX ғасырдың асқар белі Абай болса, ХХ ғасырдың заңғар биігі – Мұхтар Әуезов. Келер ғасырда да кемелдене беретiн кемеңгер М. Әуезов – тек сiз бен бiздiң ғана емес, әлi дүниеге келмеген жаңа ұрпақтардың да сарқылмас игiлiгi, өлшеусiз бақыты. Өйткенi, М. Әуезов құдiретi оның елге деген шексiз махаббаты мен сенiмiнде жатыр. Осы бiр ақиқатты сезiну мына бiздерге, бүгiнгi тәуелсiз мемлекеттiң iргесiн нығайтып жатқан ұрпаққа қажымас қайрат, жасымас жiгер қосады.
Әуезов әлемi дейтiн кең дүниенің жаратылысы мен табиғатын екі сөзбен қайырып айту мүмкін емес. Оны терең танып, жан – жақты талдау – әр дәуір, әр ұрпақтың киелі мiндетi. Француздар – Бальзакты, орыстар – Толстойды, американдықтар – Драйзердi, немістер – Гетені қалай зерттеп, зейiндесе, қазақтар Әуезовті дәл солай тануға ұмтылғанда ғана ұлттың өзiн - өзi тануы, өзiн - өзi бағалауы, өзiн - өзi қадiрлеуi қалыптаспақ, күшеймек, жалғаспақ. Әуезов әлемi көзге көрiнбейтiн ғажайып ұлы сиқырымен, құдiретiмен ұлттық рух тәуелсiздiгiн қорғауға, сақтауға үйретедi!