Қайырымдылық, қол ұшын созу – кез келгенді құдайы қонақ деп қабылдайтын, асарлатып текемет басатын, үй тұрғызатын қазақтың қанына сіңген қасиеттер. Бұл бүгінде заманның көшіне еріп, талабына сай түрленіп, волонтерлік деген атауға ие болғандай. Ал волонтер сөзі әлемде алғаш рет 1600 жылы қолданылыпты. Соғыс кезінде майданға өз еркімен сұранып барғандарды солай атаған көрінеді. Кейін келе барлық салаға өз бетімен, ешбір қайтарым күтпей жұмыс істеуді қалайтындарға осы теңеу таңылды.
1970 жылы БҰҰ жанынан «Біріккен Ұлттар Ұйымының волонтерлері» деген атаумен (The United Nations Volunteers – UNV) халықаралық ұйым құрылды. Ол бүкіл әлемдегі ерік­тілердің басын қосып, олардың қызметін жан-жақты дамытуды көздеді. Сол жылдан бас­тап әлемнің барлық елінде 5 жел­тоқ­сан Халықаралық волонтерлер күні ретінде аталып өтеді.
Баршамызға мәлім, ағымдағы 2020 жыл - ерікті қызметке азаматтарды, әсіресе, жастарды тарта отырып, белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастыру мақсатында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Еріктілер жылы" деп жариялаған-ды.
"Мен еліміздің әрбір өңіріне волонтер болуға ниетті азаматтардың көп екеніне сенімдімін. Үкімет оларға қолдау көрсету үшін нақты шараларды қабылдайды. Біз оған зор мән береміз. Алайда Еріктілер жылы кезекті науқан емес. Осыны халыққа түсіндіруіміз керек". Бұл - ел Президентінің республикалық волонтерлік фронт-офистің ашылуында айтқан сөздері.
Өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін еріктілердің қатары жыл санап артып келеді. Бүгінде әлем халқының 970 миллионы волонтер болса, оның ішінде әрбір сегізінші қазақстандық ретінде оқу ордамызда "Ізгілік елшілері" еріктілер ұйымы құрылып, қатарын толықтыруда.
Осы сәтті пайдалана отырып, өздерінің бос уақыттарын қоғам игілігі үшін жұмсайтын мейірімді жандар, жаны жайсаң, жүрегі ізгілік пен мейірімге толы, жалынды да жігерлі, жақсылықтың жаршысы болып жүрген ең бай адамдар — Сіздерді бүгінгі Халықаралық еріктілер күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Қиналғанға қол ұшын созып, айналасындағыларға дәйім қамқорлық танытып жүретін ЕРІКТІЛЕР - осындай адал, ерен еңбектеріңіз әрқашан ақталып, волонтерлік жолдағы жемістеріңіз гүлдей берсін, қайырымдылыққа деген шабыттарыңыз ешқашан таусылмасын!