Ағымдағы жылдың 27 қазаны күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу және осы арқылы азаматтардың бойындағы патриоттық рухты көтеру үшін ел тәуелсіздігінің тұмары іспетті құндылықтарымыздың бірі – Мемлекеттік рәміздерді қолдану ережесін қайта қарауды ұсынғаны белгілі. Ұсыныс негізінде 2020 жылы 27 қарашада Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру) ережесін бекіту туралы» №801 қаулысы жарияланып, ол бойынша жалпы орта, негізгі, бастауыш, мектептен тыс ұйымдары мен колледждер (жекеменшік), мектепке дейінгі ұйымдар (жекеменшік) ғимараттарының төбесінде міндетті түрде ҚР Мемлекеттік Туының эталоны ілінуі тиіс екендігі мәлімделді. Баршамызға мәлім, осы уақытқа дейін жекеменшік білім беру ұйымдарында Мемлекеттік Тудың ресми түрде ілінуіне рұқсат берілмеген-ді. Сол себепті қабылданған қаулы жекеменшік білім беру ұйымдары үшін үлкен мәртебе әрі мүмкіндік деп білемін. Көптен күткен қаулының орындалу сәті бүгінгі күннің еншісіне бұйырыпты: Тұғырлы көк Туымыз салтанатты түрде оқу ордамыз, Оңтүстік Қазақстан индустриялды-инновациялық колледжінің бас ғимаратына тұрғызылды.
Мемлекетіміздің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін Туымыз әрқашан елдің еркіндік сүйгіш асқақ рухын көтеріп, биікте желбіресін! Туымызбен тұғырлы, Елтаңбамызбен еңселі, Әнұранымызбен айбынды тәуелсіз Қазақстанның болашағы жарқын болсын!