«... Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың да тарихтың төрінен орын алары дау тудырмайды. Димекең - өз заманының перзенті болған ірі тұлға. Ол кісінің артықшылығын да, кемшілігін де біз сол заманнан бөле қарауға қақымыз жоқ. Қонаев есімі Қазақстан халқымен бірге жасары анық, ақиқат.
Ол кісі бәрімізге ұстаз болған ұлы адам.»
ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев
Бүгін ұлт тұлғасы, қоғам қайраткері, Қазақстанның гүлденуі мен өркендеуіне үлес қосқан Қонаев Дінмұхамед (Димаш) Ахметұлының дүниеге келгеніне 109 жыл толды.
«Ар ойлап, дүниеге бой алдырмаған екі адам болса, соның бірі елі еркелетіп Димаш атаған - Д. А. Қонаев. Шүкір, шыққан тауы биік болды. Бір кісідей биліктің шыңына көтерілді. Кісілігін ұлықтыққа жеңдірмеген кім десеңіз, онда да осынау абзал жанның есімі еріксіз еске түседі. Димекең қанағатшыл жан еді. Газет-журналда жарияланған мақалаларын есептемегенде, қай баспадан қанша кітап шығармасын соның барлық қаламақысын жетім балалар үйіне аударып отырған...» - демекші, халқымыздың біртуар азаматы Д. А. Қонаевтың есімі жылдар өтсе де, әр қазақтың жүрегінде мәңгі сақталады. Бұл күндері Қазақстанның әр қаласында Димекеңнің атымен аталатын көшелер, мектептер, жоғарғы оқу орындары көптеп кездеседі. Дінмұхамед атымен аталатын жас ұрпақ та желкілдеп өсіп келеді. Олар, сірә, Димаш атасын, оның ғибратты өмірін ұмыта алар ма екен? Иә, қазақ халқы бар жерде Димекеңнің есімі ұмытыла қоймас. Елдің мәңгі есіндесіз, қазақтың асыл перзенті, Димаш ата!
Leave A Comment