Оңтүстік Қазақстан индустриялды-инновациялық колледжінде жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай апталық іс-шаралардың қорытындысын шығару мақсатында ұйымдастырылған «Жамбыл Жабаев – Ұлы даланың алып жыршысы» тақырыбындағы сайыс өз деңгейінде болып өтті.
Қазақтың қара өлеңін кие тұтқан, жүрегінің түбінен қайнап шыққан асыл жырларымен қалың жұртшылықтың махаббатына бөленген Жамбыл Жабаевтың әрбір шығармасы арқылы өскелең ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеудің маңызы өте зор. Жас мамандардың жетекшілік жасауымен өткен бүгінгі іс-шара 5 кезеңнен тұрып, студенттер әр кезеңде 2 ғасырдың куәгері болған ақынның жалынды жырларынан бастау алып, өмір жолынан сахналық қойылым қою арқылы көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Ерлікті, елдікті дәріптеген, халықтың жоғын жоқтап, әлсіздерді күштілердің зорлығынан арашалаған, әділдікті, бостандықты жыр еткен көркем де қуатты поэзиясымен Жамбыл сынды тұлғаларымыз өз ғасырында қазақ әдебиетінде көрнекті орын алады. Біздің мақсатымыз – арыны басылмаған алып тұлғаны тек мерейтойда ғана емес, әрдайым дәріптеу.