Атаулы күнге орай Оңтүстік Қазақстан индустриялды-инновациялық колледжінде І курс студенттерінің арасында тіл мамандарының ұйымдастыруымен зияткерлік сайыс болып өтті. Студенттер қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі білімдерін ортаға салып, жүзден жүйрік атануға тырысып бақты.
Сайыс кезеңдері қазақ халқының ауыз әдебиетінің түрлері бойынша құрастырылды.
Жалпы, қазақ халқында балалардың ой-санасын жетілдіру, зияткерлік қабілетін дамытуда ауыз әдебиетінің алар орны ерекше.
Батырлар жыры балаларды Отансүйгіштікке, адалдыққа, ерлікке тәрбиелесе, шешендік өнер табан астында сөз тауып айтуға, аталы сөзге тоқтауға үйретеді.
Ал мақал мен мәтелдің орны тіптен ерекше. Мақал-мәтел арқылы бала тоқсан ауыз сөзді тобықтай түйінге сыйдыруды, өткеннен сабақ алуға машықтанады. Жаңылтпаш жаттаған баланың тілі жаттығып, есте сақтау қабілеті артып, топтың алдында еркін сөйлейтін болады. Ал жұмбақ жасырып, оны табу немесе ойдан жұмбақ құрастыру арқылы жеткіншектің қиялы өсіп, табиғат тылсымдарын ой елегінен өткізуге дағдыланады.
Зияткерлік күнінде осындай аса бай мол мұрамызды шәкірттерімізге дәріптеудің маңызы зор.
Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында халық ауыз әдебиетін жаңғыртып, жас жеткіншектерге рухани азық сыйлайық.
Ұлық мереке баршаңызға құтты болсын!
Leave A Comment