1991 жылы 16 желтоқсан Қазақстан Республикасы өзінің аңсаған Тәуелсіз мемлекет екендігін бүкіл әлемге жариялап, егеменді ел болғаннан кейінгі ең бірінші бастамасы - Мемлекеттік рәміздерді тағайындау болып табылды.
1992 жылғы 4 маусымда Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді. Сондықтан бұл күн ел тарихында жаңа Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мәңгі есте сақталады.
Мемлекеттік рәміздер – мемлекеттің тәуелсіздігін білдіретін символикалық белгілер. Мемлекеттік рәміздер - Көк байрақ, Елтаңба және Әнұран.
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес, жыл сайын 4 маусым Қазақстанда Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.
Мемлекеттік рәміздер тәуелсіздік нышаны ретінде ерекше қадірленіп, оларға биік мәртебе беріледі.
Осы орайда Сайрам аудандық “Жастар ресурстық орталығының” бастамасымен “Мемлекеттік рәміздер мақтанышым!” атты челленджді қабылдап, Тұғырлы көк Туымызбен түскен шәкірттеріміздің суретін жариялаймыз.
«Біз тәуелсіздікке аңсап, за­ры­ғып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті рәміздерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы – осы», деген еді Елбасы мемлекеттік рәміздерге қатысты сөйлеген сөзінде. Мемлекет басшысының осы сөздерін қазақстандықтардың барлығы жүрек түкпірінде сақтап, әркез жадында ұстағаны жөн. Өйткені рәміздер елдің өзіндік өмір салтын, болмыс-бітім ерекшелігін, өзгелермен байланыс орнату мұратын білдіретін айрықша белгі болып табылады.