Әр адамның жадында ерекше естеліктерімен жатталып қалған студенттік өмір ешқашан ұмытылмайды. Қызығы мен шыжығы мол сол бір студенттік жылдар талай әдемі де, әсерлі әңгіменің арқауы болып, көрігін қыздырғаны қақ. Сәні мен салтанаты, мәні мен мағынасы мол өмірдің кейіпкерлері – студенттердің әр күні мерекедей өтсе де, күнтізбеде белгіленген өзіндік мейрамдары да бар. Ол – 17-қараша – Халықаралық студенттер күні!
Студенттік шақ – өз алдына жеке әлеуметтік категория. Әр адамның өмірінде айрықша орын алатын осы кезең – үйден жырақта жүріп, өмірді тануға, өзіңді танытуға арналған уақыт десек, артық айтқандық емес. Өмірдің жаңа кезеңіне қадам басқан жастар тек білім алуға емес, өмір сүруге, ақ пен қараны ажырата білуге үйренеді. Студенттік шақ дегенде қызығы мен шыжығы мол – лекцияда ұйықтап отырған уақыт, жатақханада бір жапырақ нанды бөліп жеген достар, таңнан таңға жалғасқан кештер, университет, колледж қабырғасындағы бірінші бақылау-тесттер, дипломдық, курстық жұмыстар, тағысын тағы көптеген естеліктер оралады. Мұндай қызықты шақты бастан өткеру – үлкен бақыт. Ол уақытты, ол бақытты кім болмасын, сондай сағынышпен, ерекше көңіл-күймен еске алады.
Ендеше, құрметті студенттер қауымы, мерекелеріңіз құтты болсын!