Жер-ананың бусанып, төңіректегі тіршіліктің жаңарған шағында тойланатын Наурыз мейрамының кең форматта аталуы өте қуанарлық жайт. Соның ішінде атаулы күндердің бірін «Шымырлық пен шеберлік» деп атап, ол спорттың, соның ішінде ұлттық спорттың кең көлемде насихатталуына негіз бола бастағаны шаттығымызды одан сайын еселей түсті. Иə, бұл күні халқымыздың салт-дəстүрімен сабақтасқан байырғы ұлттық ойындарымыз жұртшылық назарына ұсынылып, тарихы тереңде жатқан сан түрлі ойындарымыз бұқара халықтың басты ермегіне айналады. Ең бастысы, халық төл өнерімен қауышады. Өздерінің білектің күшімен, найзаның ұшымен елін қорғаған батырлардың ұрпақтары екендіктерін іс жүзінде сезінуге мүмкіндік алады.
«Шымырлық пен шеберлік күні» аясында «Шынықсаң шымыр боларсың» деген ұранмен колледжімізде дене шынықтыру пән мұғалімдері ұйымдастырумен спорттық іс-шаралар болып өтті.
Іс-шарада баланы ептілікке, шапшаңдыққа, алдына қойған мақсатына жетуге тәрбиелейтін ұлттық ойындарымыздың маңызы мен мәнін түсіндіріп, ойнау технологиясымен таныстырды.
Бес саусағынан өнер тамған шебер шәкіртіміз Бахыт Бекнұр атаулы мерекеге орай киіз үйдің ең жоғары бөлігі – Шаңырақты қарапайым ақ қағаздың көмегімен құрастырды. Шаңырақ – киіз үй мен көк әлемнің арасын қосып тұратын қасиетті ұғым. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ұйымдастырылып жатқан әрбір іс-шара өскелең ұрпақтың бойына ұлтжандылықты қалыптастыруда ерекше орын алатыны Бекнұрдай шәкіртіміздің жұмысы дәлел десек қателеспейміз.
Leave A Comment