Шырайлы көктемнің соңғы айының 1 жұлдызы қазақ елі үшін ерекше күн болып табылады. 1 мамыр - Қазақстан халықтарының бірлігі мерекесі - әрбір қазақстандық үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпы ұлттық келісімнің мерекесі. Халық бірлігі мерекесі күні ел азаматтары ұлт пен ұлыстың өткен кезеңдегі тарихы мен оның сабақтарын дәріптеп, әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаланған қазақстандық татулық пен келісімді паш етеді.

Оңтүстік Қазақстан индустриялды-инновациялық колледж ұжымы барша қазақстандықтарды, діні басқа, тілі басқа, тілегі бір, бір тудың астына жиналған ұлт пен ұлыс өкілдерін айтулы мереке, Қазақстан халықтарының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтайды!

Біздің елдегі бірлік пен қоғамдық келісімнің бастауы - Қазақстан халқының ортақ тарихы. Ғасырлар бойы тағдыр талайына ұшыраған халықтарды құшағына сыйдыра білген қасиетті Ұлы Дала көптеген ұлыс пен ұлттың құтты қонысына айнала білді. «Бақ та, тақ та таласқанға бұйырмайды, халықтық істе жарасқанға бұйырады» деген дана бабаларымыз. Сондықтан да атқаратын игілікті істеріміз халқымыздың болашағын бірлігімізбен берік етсін.

Бір шаңырақтың астындағы халқымыздың ынтымақтастығы мен өзара ауызбірлігі, достығы мен өзара түсіністігі одан әрі нығая түсіп, еліміздегі ұлтаралық татулық пен бірлік мәңгі жасай берсін!

Әр отбасына, әр қазақстандыққа шынайы көңілмен бақыт-береке тілейміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!