Бүгін, 5 қыркүйек - "Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы - тіл" деп ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Сонымен қатар, 2017 жылы Премьер-Министрдің қаулысымен дәл осы күнді Қазақстан халқы тілдерінің күні деп бекіткен-ді.
"...Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді" деп Сәкен Сейфуллин баға берген қазақтың асыл ұлы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні Тіл мерекесімен қоса тойланатыны қалың қазақ үшін өте қуанышты жағдай екені баршамызға мәлім. Осы себептен Қазақстан халқын бүгінгі айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймыз! Тіл - ұлттың жаны. Бүгінде елімізде 130-да астам ұлт пен ұлыс өкілдері бірлік пен татулықта өмір сүруде. Өз тілдерін құрметтей отырып, қазақ тілінде еркін сөйлеп, осы тілде білім алып жатқандары қаншама. Бұл әрине Мемлекеттік тіліміздің мерейінің көрсеткіші.
Тіл - өткеннің ұрпаққа қалдырған аманаты, бүгінгі күннің абыройы, ертеңгі күннің кепілі.
Мерейлі мерекеде шаңырақтарыңызға шаттық, отбасыларыңызға береке-бірлік, дендеріңізге саулық тілей отырып, Тіліміз тұғырлы, ұлтымыз ғұмырлы болсын демекшіміз!
Тілдер мерекесі тағы да құтты болсын!
Leave A Comment