Шыңы биік, мінер баспалдағы ауыр, Оқу мен тынымсыз еңбектің, Қуаныш пен көз жастың жолы – Ұстаздық жолында бар жанын беретін ұстаздар қауымын кәсіби мерекеміз – «Ұстаздар күнімен» шын жүректен құттықтаймын!

Бұл дүниеде барша адамзат бас иетін құдыретті мамандық – ол ұстаздық. Қай заманда да кез-келген жетістік пен жаңалықтың басында білім мен ғылым тұратындығы баршамызға аян. Қазіргі өркениетті қоғамымызда біліктілігі жоғары, беделі мықты, қоғамда құрметке бөленген мұғалімдерсіз мемлекеттің жарқын болашағын елестету қиын. Себебі кез-келген саланың дамуы – бұл ең біріншіден ұстаз еңбегінің нәтижесіне тікелей байланысты.

Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы – жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты көңіл бөлінуде. Осы егеменді, тәуелсіз Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастауы білім ошағы десек, сол ошақтың басты тұлғасы, жүрегі – мұғалім. Сол үшін де, ұстазға құрмет көрсету – білімге құрмет көрсету деп ұғынғанымыз жөн.

Құрметті Білім саласының басты тұлғалары – Ұстаздар қауымы!

Қоғам мен адамзат алдындағы өлшеусіз еңбектеріңізді ескере отырып, Сіздерге өскелең ұрпақ тәрбиелеудегі өрелі жұмыстар және мемлекеттің гүлденуі жолындағы абыройлы қызметтеріңізге толымды табыс тілеймін. Істеріңіздегі ізгілік, жүректеріңіздегі жылылық, мейірім мен шуақ еш тарқамасын!

«Ұлттың ұлы болуы ұстаздан» демекші, ұлтымыз да, ұстазымыз да ұлы болсын! Әр ұстаздың шаңырағына шаттық, отбасыларына амандық тілеймін!