БОЗБАЛА МЕН БОЙЖЕТКЕН БАЙҚАУЫ ӨТТІ
Әлемді махаббат қана құтқарады. 15 сәуір – бірнеше жыл­дан бері ынталы жастар қолдауымен Қозы Көрпеш пен Баян сұлу, яғни ғашықтар күні ретінде атап өткізіле бастағаны белгілі. Риясыз сезім, ақ адал көңілге көрік қосқан жастар "Әулие Валентин жетегіндей кетпей, өзіміздің төл мерекемізді осылай қазақы нақышта тойлағанымыз дұрыс", - деп біледі.
Осынау махаббат мерекесі қарсаңында бойын іңкәр сезім билегендер аудан орталығындағы Қ.Жандарбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен "Бозбала мен Бойжеткен" атты байқауда бақ сынады.
Аудандық "Жастар ресурстық орталығы" КММ-нің ұйым­дастыруымен өткен байқаудың мақсаты аталған күнді жастар арасында кеңінен дәріптеп, сол арқылы оларға ұлттық салт-дәстүрді, тіліміз бен дінімізді өскелең ұрпаққа насихаттау, жас ұрпақ санасына өзгенің емес өзіміздің ұлттық сүйіспеншілік, махаббат бейнесін қалыптастыру.
Байқауға қатысушылар 3-кезең бойынша сынға түсті. Яғни, 1-кезеңде көркем сөзбен өздерін таныстырса, 2-кезеңде өз өнерлерін ортаға салды. Ал, 3-кезеңде салт-дәстүрге, әдет-ғұрып пен ұлттық құндылықтарымызға қатысты сұрақтарға жауап берді.
Байқау қатысушыларының өнерін Түркістан облыстық "Қоғамдық келісім" КММ Сайрам аудандық филиалының басшысы Базарбай Айтбаев, Сайрам ауданының Құрметті азаматы, мәдениет қайраткері Сейдуалы Темірбаев және аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлдана Оразбаева қазылар алқасы бағала­ды. Қазылар жұптар өнерін бағалау барысында жұптың сахналық образ жасай білуі, сөз саптау шеберлігіне, бір-бірімен іс-қимыл үндестігіне, сахнада өзін ұстай білуіне, киім мәдениетіне мән берді.
Сонымен, байқаудың бірінші орыны ақсукенттік жас отбасы Алмас Бағдатов пен Айана Сайрамбаева иемденді. 2-орынды иемденген Қайнарбұлақ ауылдық округінен келген жас отбасы Ахан Құдайбергенов пен Асел Еркінбек болды. Ал, жүлделі 3-орын Е.Сарманов атындағы гуманитарлық-агро экономикалық колледжінің Жолдасбек Мухамеджан мен Айжан Құдайбергеннің жұбына бұйырды.
Жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табысталды.
Бірінші орынға - тоңазытқыш, екінші жүлдеге - газ плитасы, үшінші орынға - кір жуғыш машина, байқаудың барлық қатысушы­ларына ынталандыру сыйлығы үтік сыйланды. Көрерменге байқау жалпы ұнаған сияқты. Қалың қошеметпен бәрекелдесін білдіріп отырды.